-A A +A

ТАРИХ

 

 

Жамбыл облыстық Әділет басқармасының тарихы  
 
Жамбыл облысы 1939 жылдың 14 қазанында құралғаны туралы бәрімізге мәлім.
Сондықтан да облыстық Әділет басқармасының тарихы алпыс жылмен ғана шектеледі.
Еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесінің бірінші шақырылған алғашқы сессиясының мәжілісі 1940 жылғы қаңтар айының 8-9 күндері өткен. Сессияны өткізу күн тәртібінің 3 тармағы бойынша Облыстық Кеңес атқару комитетінің бөлімдері мен басқармаларын құру мәселесі қаралды, оның ішінде Әділет Наркоматының басқармасы да болды және сол басқарманың ең алғашқы меңгерушісі болып Жамал Хамидулина тағайындалды.
Жамал Хамидулина – Депо сайлау округінің депутаты еді, оның орынбасары болып Ұлұқбек Мухамеджанов бекітілді. Жамбыл қаласы ол кезде 3 учаскеден тұратын. Облыс құрамында Жамбыл ауданының 2 учаскесі және 9 аудан бар еді (кейіннен – 1944 жылы Қордай, Красногор және Шу аудандары Алматы облысының құрамынан Жамбыл облысына берілді).
Сонымен Жамбыл облысында 14 аудандық соттың, нотариаттардың, 14 сот орындаушысының жұмысын ұйымдастырумен айналысқан осы еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің Әділет Наркоматының басқармасы еді. Бұл басқарманың құрылуы облыс тұрғындарына заң қызметін көрсетуді жетілдіруінде ерекше оқиға болды, сонымен қатар ол облыста мамандығы жоғары заңгер кадрлардың өсіп-жетілгендігінің де белгісі еді. Сонымен, басқарманың тұңғыш бастығы Ж. Хамидулина оны 1942 жылға дейін басқарды.
1942 жылдың 31 қаңтарында партияның ОК-нің шешімімен Қазақ ССР Әділет Наркоматының өкімі негізінде Жамбыл облыстық Әділет Наркоматының №4 бұйрығымен басқарма бастығы болып М.Қ. Дәулетов тағайындалды. Соғыс кезінде басқарма аппараты 30%, яғни 3 адамға қысқартылды. Әділет басқармасында ол кезде 8 адам жұмыс атқарды. Әділет басқармасының және оның құрылымдық бөлімшелерінің кадрлары Ұлы Отан соғыс жылдарында Отан қорғау ісіне айтарлықтай үлесін қосты. Кейін Жеңістен соң соғысқа қатысушылардың аман оралғандары облыстық Әділет басқармасына, соттарға, нотариалдық кеңселерге келіп, бұрынғы өз жұмыстарын жалғастырды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі үшін облыстық Әділет басқармасы бойынша Мария Федоровна Суминаға (Яворовичке), Қалтай Қыбыраевқа, Омарқұл Жетібаевқа, Әбдірахман Ұлтуғанұлы Ырысбековке, Оразалы Сүйімбекұлы Ақботаевқа, Тәжібай Төлбаевқа және тағы басқаларға алғыс жарияланды.
1943 жылы облыстық Әділет басқармасының бастығы болып Ф.М.Мазитов тағайындалды. 1947 жылы ол кісі Әділет министрлігінің қарамағына кетті. Сол кездегі Қазақ ССР Әділет министрінің 1947 жылдың 22 мамырындағы № 91 бұйрығымен Әділет басқармасының бастығы
қызметіне Т.А. Алтыбаев келді. Әділет министрлігінің 1952 жылдың 14 тамызындағы № 139 бұйрығымен Еңбекшілер депутаттарының облыстық Кеңесіндегі Әділет министрлігі басқармасының бастығы болып Л.А.Беспалько тағайындалды. Ал 1956 жылдың ақпан айында оның орнына З.Б. Бакенов келіп, сол жылдың тамызына дейін Әділет министрлігі басқармасын басқарды.
ҚСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылдың 4 қыркүйегіндегі қаулысымен және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумінің 1956 жылдың 13 тамызындағы жарлығымен облыстық Әділет басқармалары таратылды да, орнына Әділет бөлімі құрылды.
Содан Әділет бөлімі облысымызда 25.12.1970 жылы, бөлімнің меңгерушісі бекітілді және оған қызметтік жай бөлу мәселелері шешіле басталды. Бұл мәселелер еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің 8 сессиясында шешілді. Мекенжайға қаланың орталығындағы Коммунистік көшесінің, 79-үй берілді. Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитеті Әділет бөлімінің меңгерушісі болып О.Жанқоразов бекітілді. Оның орынбасары орнына партиялық органдармен келісім бойынша М.Ф.Лавров тағайындалды.
80-ші жылдардың ортасынан бастап Әділет органдарында демократиялық жаңару процесі басталды. 1989 жылы облыстық АХАЖ бөлімі Әділет басқармасының құрамына еңгізілді.
1990 жылы Қазақ ССР егемендігі туралы Декларация қабылданған соң Қазақстанда Әділет басқармалары құрыла бастады. 1992 жылы Әділет министрінің бұйрығымен Жамбыл облысының Әділет басқармасы бөлімінің бастығы болып М.Т. Әлімбеков тағайындалып, 1996 жылдың желтоқсанына дейін басқарды.
1995 жылдың 1 шілдесінде заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу бөлімі ашылды, 1997 жылы аудандық АХАЖ бөлімдері Әділет басқармасының құрылымдық бөлімшелерінің санына кірді.
Жамбыл облысының Әділет басқармасы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 1998 жылдың 8 шілдесіндегі № 82 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық басқару органдар туралы» Ережесіне сәйкес жұмыс атқаруда. Жамбыл облысының Әділет басқармасының жаңа және перспективтік бағыттардың бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тиісті нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу. Сонымен қатар, басқарма облыстық, аудандық және қалалық соттардың, нотариалдық кеңселердің қызметін ұйымдастырады, матераилдық техникалық қамсыздандыруды жүзеге асырады, соттарды нормативтік-құқықтық актілермен қамтамасыз етеді, нотариустар жасаған нотариалдық іс-әрекеттердің заңдылыған бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, заңды тұлғаларды, бағалы қағаздар эмиссияларын мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етеді, құқықтық ақпарат жүйесін құруға жәрдемдеседі, құқықтық білімдерді насихаттауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік тілді дамытуға, заңдарды түсіндіруге қатысады және т.б. Тағы да бір айта кетерлік негізгі міндеттерінің бірі – азаматтық
және шаруашылық даулар бойынша матераилдық залалды өтеу жағынан қылмыстық істер бойынша атқару өндірісін қамтамасыз етеді.